АҚТАУДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ
Ақтау қаласында «Aqniet» кәсіподағы Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен медицина саласында еңбек ететін қыз-келіншектер арасында волейболдан турнир өтті. Спорттық додаға өңірдегі медициналық ұйымдардан жасақталған 7 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады, – деп хабарлайды кәсіподақтың баспасөз қызметі.
Турнирдің басты мақсаты – медицина қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және спортқа деген қызығушылығын арттыру.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде «Aqniet» кәсіподағы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жанна Сайым сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметімен қатар қоғамдық және спорттық іс-шараларға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды.
Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жеңіске деген жігерімен ерекшеленді. Әр кездесу тартысты өтіп, ойыншылар шеберлігін, жылдамдығын және командалық үйлесімділігін танытты.
Турнир қорытындысында жеңімпаз және жүлдегер командалар қаржылай сыйлықтармен, арнайы кубоктармен және медальдармен марапатталды.
Сонымен қатар жарыс барысында ерекше шеберлігімен көзге түскен ойыншылар жеке номинациялар бойынша марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Сабира Оңдасова «Үздік ойыншы», Жасмина Жұмашева «Үздік байланыстырушы», ал Сапаргүл Қаратаева «Үздік шабуылшы» атанды.














