ҚОС МЕРЕКЕГЕ ФИЛИАЛДАН ТАРТУ
«AQNIET» – кәсіподақ мүшелеріне қамқорлық пен құрметтің жарқын үлгісі!
«AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кәсіподағы Алматы және Жетісу облыстары филиалының Атқару комитетінің шешімімен Кәсіподақтар күні мен Республика күні мерекелеріне орай кәсіподақ қозғалысына белсене атсалысып, еңбекте озат болған мүшелерге ерекше тарту жасалды.
Бұл жолы кәсіподақ белсенділері мен еңбек озаттары бауырлас Өзбекстанның тарихы терең, мәдениеті бай, сәулеті көз тартарлық Ташкент пен Самарқанд қалаларына үш күндік танымдық саяхатқа жол тартты.
Сапар қатысушыларына жатын орындары қарастырылған автобуспен жеңілдетілген жолдама ұсынылып, олар шығыс өркениетінің інжу-маржаны саналатын қос шаһардың тарихи орындарын, асқақ сәулетті сарайларын, көне ескерткіштері мен музейлерін тамашалауға мүмкіндік алды. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи мұралар мен шығыс мәдениетінің қайталанбас көріністері саяхатшыларға ерекше әсер сыйлап, жүректеріне қуаныш ұялатты.
Бұл сапар – жай ғана саяхат емес, еңбекті бағалаудың, белсенділікті ынталандырудың және кәсіподақ мүшелеріне деген шынайы құрметтің көрінісі. Күнделікті жауапты қызметінде қажыр-қайрат танытып, кәсіподақ жұмысының өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар үшін бұл демалыс жаңа серпіліс пен ұмытылмас естеліктерге толы болды.
Сапардан көтеріңкі көңіл күймен оралған қатысушылар өздеріне осындай тамаша мүмкіндік сыйлаған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен Филиал басшылығына шынайы алғыстарын білдірді.
«AQNIET» үшін әрбір кәсіподақ мүшесі қымбат! Өйткені кәсіподақтың басты байлығы – оның мүшелері, ал басты міндеті – олардың құқықтарын қорғау, еңбегін бағалау, әлеуметтік қолдау көрсету және лайықты демалысына жағдай жасау.
Кәсіподақ мүшелерінің қуанышы мен ризашылығы – атқарылып жатқан жұмыстың ең үлкен жемісі. Осындай игі бастамалар ұжымдағы бірлікті нығайтып, кәсіподақ қозғалысына деген сенімді арттыра түседі.
«AQNIET» – әрдайым кәсіподақ мүшелерімен бірге!
Қорғаны, қолдаушысы, жанашыры!
Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды, игі істеріміз баянды болсын!














