Отанымыздың қастерлі мейрамы – Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының Облыстық балалар клиникалық ауруханасының ұжымы “AQNIET” Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Алматы филиалының қолдауымен “Денсаулық” сауықтыру орталығына демалыс турына барып қайтты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің халыққа жолдауларында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілуі туралы ойларын бірнеше рет айтқан болатын. Бұл ұстаным кәсіподақ қозғалысының да негізгі ұстанымдарының бірі. Осы орайда ауруханамызда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан шаруабикелер, санитарлар мен шаруашылық қызметкерлерінен құралған 20 адамдық топ, Түрген жерінде таудың таза ауасымен тыныстап, бой сергітер ем-дом шараларын қабылдап, көркем табиғат аясында демалып келді. Барша отандастарымызды, ұлық мейрам – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз мәңгілік болсын. Мемлекетіміз өркендеп дами берсін. Әрбір азамат өз еңбегіне адал болып, еліміздің көркеюіне үлесін қоса берсін.