90 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ, ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ!
Жетісу өңірінің білім мен медицина саласындағы қарашаңырағы – Талдықорған жоғары медициналық колледжіне биыл 90 жыл толып отыр!
Тоқсан жыл – талай тағдырға жол ашқан, мыңдаған медицина маманын түлеткен, өңір денсаулығының дамуына өлшеусіз үлес қосқан үлкен тарих. Бұл – ұстаздардың ұлағатты еңбегі, ұрпақтар сабақтастығы мен адал қызметтің жарқын шежіресі.
Осы жылдар ішінде колледжді басқарған басшылар мен білім ордасының дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Солардың қатарында 1987–1989 жылдары колледж басшылығында болған, кәсіподақ қозғалысының көрнекті өкілі Дрозд Виктор Марковичтің де есімі ерекше аталады.
Мерейтойға орай Жансүгіров атындағы театрда салтанатты шара өтті. Оған медицина саласының ардагерлері, ақ халатты абзал жандар мен өңір жұртшылығы қатысты. Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Садықов құттықтау сөз сөйлеп, колледждің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Мерекелік кеш филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
«AQNIET» кәсіподағы Алматы және Жетісу облыстары филиалының атынан бас бухгалтер Раушан Есқалиева қатысып, колледж директоры Ернар Омаровқа арнайы құттықтау адресатын табыстады.
90 жыл – абыройлы өткеннің айғағы, жарқын болашақтың бастауы!
Колледждің барша ұжымына мықты денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілейміз! Білім ордасының мерейі үстем болып, шәкірттерінің жетістігі арта берсін!
Тоқсан жылдық торқалы той құтты болсын! Ақ халатты мамандарды түлеткен қасиетті шаңырақтың шамшырағы ешқашан сөнбесін!














