Жетісу облысының жүрегі – Талдықорған шаһарында кәсіби мереке – “Медицина қызметкерлері күні”-не арналған салтанатты шара І.Жансүгіров атындағы театрда жоғары деңгейде аталды.
Мерекелік жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаев ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтап, денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан үздік мамандарға орден, медаль және жеңімпаз сертификаттарын табыстады. Салтанатты рәсімнен кейін ұйымдастырылған мерекелік концерт көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді.
Осынау айтулы мерекеде «AQNIET» кәсіподағы Филиалының мүшелері де зор құрметке бөленді. Филиал атынан жетпістен астам кәсіподақ мүшесі түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып, олардың қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісі мен Құрмет грамоталары, сондай-ақ «AQNIET» Орталық кеңесі мен Филиалының арнайы марапаттары табысталды.
Мереке қарсаңында кәсіподақ мүшелеріне деген қамқорлықтың тағы бір жарқын көрінісі ретінде елуге жуық әріптесіміз еліміздің көрікті өңірлеріне танымдық экскурсияға барып келді. Алдағы уақытта да кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбегін ынталандыруға бағытталған көптеген тағылымды әрі мотивациялық іс-шаралар жалғасын табады.
Ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым еленіп, мерейі үстем болсын! Төл мерекеміз құтты болып, шаңырақтарымыздан шаттық пен береке арылмасын! Денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып жүрген барша мамандарға мықты денсаулық, толағай табыс және халық игілігі жолындағы еңбектеріне толайым жетістік тілейміз!
















