Моңғолияның Улан-Батор қаласында «AQNIET» Кәсіподағының жұмыс сапары өтті
Моңғолияда «AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы өкілдерінің моңғол әріптестерімен маңызды жұмыс кездесуі өтті.
Казақстандық делегацияны Кәсіподақ төрағасы Бақытжан Тәжібай басқарды. Делегация құрамына облыстық филиалдардың келесі өкілдері кірді:
Алия Әбиева – «AQNIET» Төрағасының орынбасары, Гүлнар Есемсейіт (Қарағанды), Асан Шалтабаев (Жетісу), Алтын Даутова (Алматы), Динара Ахметова (Жетісу).
Бұл құрам кәсіподақ қозғалысының кең ауқымын және «AQNIET»-тің ұйымшылдығын айқын көрсетті.
Бағдарлама аясында «AQNIET» делегациясы алдымен Моңғолия кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Тамир Энхбаатармен кездесті. Кездесуде кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары, әлеуметтік әріптестікті дамыту және қазіргі заманның сын-қатерлері жағдайында медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Келесі кездесуде Моңғолия Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Чагнаа Нарантуя, сондай-ақ конфедерацияның кеңесшісі Ганаа Магсар қатысты. Тараптар медицина қызметкерлері кәсіподақтарының өзекті бағыттарын талқылады: еңбек жағдайларын қорғау, мамандардың біліктілігін арттыру, әлеуметтік кепілдіктер және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі — ынтымақтастық туралы меморандумды ұзарту жөніндегі келісімге қол қою болды. Бұл құжат екі ел кәсіподақтарының стратегиялық серіктестігін нығайтып, еңбек қауіпсіздігі мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау саласында бірлескен бастамаларға жол ашады.
Бағдарлама жалғасы ретінде делегациялар Моңғолия кәсіподақтар федерациясының орталық ғимаратында дөңгелек үстел мен тәжірибе алмасу кездесуін өткізді.
Моңғолия тарапы өз қызметі, жобалары және жетістіктері туралы ақпарат ұсынды, ал Қазақстан делегациясы «AQNIET» Кәсіподағының жұмысы мен әлеуметтік әріптестікті дамыту, құқықтық қорғау және медицина қызметкерлерін қолдау жөніндегі бастамаларды таныстырды.
Бағдарламаның қорытынды кезеңінде қатысушылар Моңғолияның Орталық мемлекеттік ауруханасының кәсіподақ комитетінің қызметімен танысты. Тараптар медицина ұйымдары жағдайында кәсіподақ жұмысының практикалық тәжірибесімен бөлісті.
? Халықаралық ынтымақтастық – бұл тек тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар берік ынтымақтастық көпірін орнату.
Өзара сенім, диалог және бірлескен бастамалар медициналық қызметкерлердің құқықтарын қорғауға, кәсіптің беделін арттыруға және әділет пен еңбекке құрметке негізделген орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда «AQNIET» Кәсіподағы – Қазақстанда медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда жетекші ұйым болып табылады және бұл миссиясын халықаралық деңгейде де жалғастырып келеді.
















