Әлеуметтік қолдау мен рухани демалыс сыйлайтын әділетті ұйым
“Медицина қызметкерлері күні”-не орай «AQNIET» кәсіподағының Алматы және Жетісу облыстары филиалының ұйымдастыруымен 46 белсенді кәсіподақ мүшесі жеңілдетілген жолдамамен еліміздің ең көрікті табиғи мекендерінің бірі – ‘Шарын шатқалы’ мен ‘Көлсай көлдері’ ұлттық табиғи аймақтарына саяхат жасап, ерекше әсерге бөленіп қайтты.
Табиғаттың ғажайып туындылары саналатын бұл мекендерге жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер арнайы келіп, қазақ жерінің сұлулығына тәнті болады. Сол бір қайталанбас көріністерді тамашалап, таза ауамен тыныстап, табиғат құшағында серуендеу кәсіподақ мүшелеріне тың серпін мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Филиалдың басты мақсаты – кәсіподақ мүшелеріне еңбекпен қатар сапалы демалыс ұйымдастырып, олардың туған елдің тарихи-мәдени және табиғи байлықтарымен жақынырақ танысуына мүмкіндік жасау. Өйткені туған жердің көркемдігін көріп, рухани азық алған адамның еңбекке деген ынтасы да арта түседі.
Саяхаттан оралған медицина қызметкерлері ұйымдастырылған демалыс үшін «AQNIET» кәсіподағына шынайы ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да еліміздің басқа да көрікті жерлеріне саяхат жасауға үлкен қызығушылық танытатындарын жеткізді.
“AQNIET” – әр мүшесінің еңбегін бағалап қана қоймай, олардың жарқын көңіл-күйі мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамаларды жалғастыра бермек.
Төл мерекеміз құтты болсын әріптестер!















