Ақсу аудандық ауруханасы – жаңарған ғимарат, жаңа мүмкіндік
Бүгін, 7 қазан 2026 жыл – Ақсу ауданының тұрғындары үшін қуанышты күн. Үш жылға жуық уақытқа созылған күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, заманауи талаптарға сай жаңғыртылған Ақсу аудандық ауруханасы қайтадан халық игілігіне есігін айқара ашты.
Салтанатты шарада Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев ақжарма тілегін білдіріп, жаңарған медициналық нысанның ел денсаулығын сақтаудағы маңызын атап өтті. Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжегулова да ұжымды құттықтап, аурухананың жетістіктеріне тоқталып, алдағы уақытта да биіктен көріне беруіне тілектестігін білдірді. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жаңа ғимаратқа игі тілектерін арнады.
Салтанатты жиында «AQNIET» кәсіподағының Алматы және Жетісу облыстары Филиалының төрағасы Асан Шалтабаев ұжымды құттықтап:
«Бұл – жай ғана ғимараттың жаңаруы емес, адам өмірі мен халық денсаулығына деген қамқорлықтың, медицина қызметкерлеріне жасалған жағдайдың және жарқын болашаққа деген сенімнің жаңғыруы», – деп атап өтті.
«AQNIET» Кәсіподағы Филиалының Атқару комитеті атынан аурухана ұжымына деген құрметтің белгісі ретінде барлық бөлімшелердің бас мейірбикелеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Мекеме басшысы Байқадам Құрымбай мәртебелі қонақтарға көркейген аурухананың іші-сыртымен таныстырды.
Жаңарған аурухана – ақ желеңді абзал жандардың сапалы қызмет көрсетуіне қолайлы жағдай жасап, аудан тұрғындарына заманауи медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды нысан.
Жаңа ғимараттың әр есігінен кірген жан шипа тауып, әр бөлмесі мейірім мен жылулыққа толсын! Ақсу жұртының дені сау, еңсесі биік болсын! Медицина қызметкерлерінің еңбегі ел алғысына бөленіп, жаңарған аурухана талай жанға үміт пен сауығудың мекеніне айналсын!















