EPSU-дың Орталық Азия елдері кәсіподақтарымен Бішкектегі маңызды кездесу
Осы күндері Бішкек қаласы Орталық Азия кәсіподақтары үшін тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды орталығына айналды. Кездесуді EPSU Бас хатшысы Ян Виллем Гудриан, Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің «AQNIET» кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібаймен бірге ашып, жиынды өзі жүргізді.
Құттықтау сөздер: Қырғызстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы – Мурадила Жумадилда уулу. Сондай-ақ Қырғызстан денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы – Султан Абдыкадыров және Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің бас хатшысы – Фарходжон Ханапияев сөз сөйледі.
Кездесудің алғашқы күнінде еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғаудың негізгі мәселелері талқыланып, Қырғыз Республикасының Еңбек министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері баяндама жасады.
EPSU мен Қоғамдық қызмет көрсету интернационалы – PSI ұйымдарының басым бағыттарына ерекше назар аударылды.
Әлемдегі гендерлік теңдік мәселелері де кеңінен қарастырылды.
Бұл тақырып аясында PSI ұйымының Әйелдер комитеті (WOC PSI) жүргізіп отырған жұмыстар талқыланды. Орталық Азия елдері атынан PSI ұйымындағы өкіл – «AQNIET» кәсіподағы төрағасының орынбасары Алия Абиева өз үлесін қосты.
Екінші күні қатысушылар ұйымдастыру (органайзинг) бағытындағы жұмыстарды талқылады. Бұл бағыттағы тәжірибені EPSU өкілі Артем Тидва таныстырды. Сонымен қатар, Өзбекстаннан Зафар Хасанов EPSU жастар желісінің жұмысы туралы баяндама жасады.
Тәжірибе алмасу, елдік есептер және EPSU-дың алдағы бастамаларын талқылау қатысушыларға кәсіби байланыстарды нығайтып, Орталық Азия өңіріндегі кәсіподақ қозғалысын дамытуға жаңа бағыттар белгілеуге мүмкіндік берді.
“AQNIET” кәсіподағының тікелей қатысуымен болған кездесу – Орталық Азиядағы денсаулық сақтау және қоғамдық сектор қызметкерлерінің құқықтарын қорғау жолындағы ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір маңызды қадамы.















