Қоғамдық қызмет көрсету саласындағы Еуропалық кәсіподақтар федерациясының (EPSU) мүшесі болып табылатын «AQNIET» салалық кәсіподағының жас өкілі Абдимажит Азимходжа қазіргі уақытта Литваның Вильнюс қаласында орналасқан. Ертең EPSU Youth Network — Еуропа мен Орталық Азия елдерінің жас кәсіподақ көшбасшыларын біріктіретін халықаралық кездесу өз жұмысын бастайды.

EPSU Youth Network — бұл жас кәсіподақ белсенділерін біріктіретін жастар құрылымы, оның мақсаты – жас қызметкерлердің құқықтарын қорғау, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Іссапар аясында Абдимажит Азимходжа «Santaros klinikos» көпсалалы клиникасына, соның ішінде жаңа туған сәбилер ауруханасына (Vaikų ligoninė) барды. Ол жаңа туған балаларға көрсетілетін медициналық көмек жүйесімен және қазіргі еуропалық стандарттарға сай жабдықтармен танысты.
Ерекше әсер қалдырған құрал – жаңа туған нәресте симуляторы, ол медицина қызметкерлеріне реанимация және күтім дағдыларын жоғары деңгейде үйренуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподағы «AQNIET» халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, Қазақстанның еуропалық кәсіподақ қозғалысына қатысуын нығайтып, жастар көшбасшылығын дамытуға қолдау көрсетіп келеді!