АСТАНА ТӨРІНДЕ КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ БІЛІМІ МЕН ҚАБІЛЕТІ ҰШТАЛДЫ
Еліміздің жүрегі – Астана қаласында Қазақстандық денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің «AQNIET» салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділеріне арналған екі күндік мазмұнды әрі нәтижелі семинар өтті.
Бұл семинар жай ғана білім алмасу алаңы емес, кәсіподақтың даму стратегиясын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болды. «AQNIET» кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібайдың бастамасымен әзірленген бағдарлама қазіргі заманғы кәсіподақтың рөлі мен еңбек адамының мүддесін жаңа сын-қатерлер жағдайында тиімді қорғау мәселелеріне арналды.
Семинар барысында сөз сөйлеген кәсіподақ төрағасы Бақытжан Арынұлы ұйымның одан әрі дамуы органайзингті күшейтуге, мүшелік базаны кеңейтуге, жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеуге және еңбеккерлер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл бағыттар «AQNIET» кәсіподағының ұзақ мерзімді стратегиясының өзегін құрап қана қоймай, Мемлекет басшысының еңбек адамының мәртебесін арттыру, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және сындарлы әлеуметтік әріптестікті дамыту жөніндегі саясатына толық үндеседі.
Екі күн бойы қатысушылар органайзинг, кәсіподаққа жаңа мүшелер тарту, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын нығайту, келіссөздер жүргізу, тиімді коммуникация, көшбасшылық және стратегиялық жоспарлау бағыттарында теориялық білімдерін тереңдетіп, практикалық дағдыларын жетілдірді. Әсіресе қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін барлық деңгейде тиімді қорғай алатын қуатты әрі тұрақты кәсіподақ құрылымдарын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«AQNIET» кәсіподағы кәсіподақ қозғалысын нығайтуға, көшбасшылық әлеуетті дамытуға және еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған бастамаларды жан-жақты қолдап келе жатқан серіктестерге шынайы ризашылығын білдіреді. Атап айтқанда, Фридрих Эберт атындағы қорына, Қоғамдық қызмет көрсету саласындағы Еуропалық кәсіподақтар федерациясына (EPSU), Фридрих Эберт қорының Астанадағы өкілдігі жетекшісі Зауреш Шутоваға, KAMEDA қорының жетекшісі Махаббат Еспеноваға және EPSU өкілі Артем Тидваға көрсеткен қолдаулары үшін ерекше алғыс айтамыз. Осындай өзара сенім мен серіктестікке негізделген ынтымақтастық кәсіподақтың стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға және жаңа буын кәсіподақ көшбасшыларын даярлауға тың мүмкіндіктер ашуда.
Семинар қорытындысында серіктестер мен тренерлерге құрмет пен ризашылықтың, сондай-ақ ортақ мақсаттар мен ынтымақ қағидаттарына адалдықтың белгісі ретінде естелік сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шараның салтанатты жабылу рәсімінде барлық қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар тапсырылды. Бұл сертификаттар олардың заманауи кәсіподақ қызметінің құралдарын меңгеріп, оқу бағдарламасын сәтті аяқтағанын айғақтайды. Сонымен қатар, олар кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби дамуына серпін беретін маңызды жетістікке айналып, еңбеккерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіподақ қозғалысын нығайту және әлеуметтік әріптестік мәдениетін дамыту жолындағы жауапты қызметтеріне жаңа серпін берді.
AQNIET бағыты – білімді көшбасшы, ұйымшыл ұжым және құқығы қорғалған еңбек адамы арқылы әділетті қоғам құру жолы.

















