Бақытжан ТӘЖІБАЙ, «AQNİET» қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы: «МИНИСТРЛІК ДӘРІГЕРЛЕРДІ НОРМАТИВТЕР МЕН БҰЙРЫҚТАРҒА ШЫРМАП ТАСТАҒАН»

– Бақытжан Арынұлы, еңбек адамының мәртебесі туралы сөз болған кезде ойға ең алдымен медицина қызметкері түседі. Олардың құқығы тиісті деңгейде қорғалмағандықтан соңғы жылдары өз жауапкершілігін сезінбейтін кез келген адамның әлеуметтік желіде айтқан, жазған сөзі дәрігерге таяқ болып тиіп жатқанын жиі байқайтын болдық. Бұл неліктен?

– Бұл қазіргі таңда біз үшін де көкейкесті мәселе болып отыр. Егер оның мән-жайына үңілетін болсақ тамыры тереңде жатқанын байқауға болады. Бұл ең алдымен, елдегі денсаулық сақтау жүйесінің тиісті деңгейде жетілдірілмеуіне байланысты. Реформалар, ең бастысы, дәрігерлердің жағдайын жасаудан басталу қажет. Яғни, көмек сұрап келген адамға сапалы қызмет көрсету үшін дәрігердің жұмыс орны заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған болуы тиіс және маман моральдық-психологиялық тұрғыдан қысым сезінбеуі керек. Онда қызмет жасайтын адам қателессем, ертең сотталып кетем бе деп қорықпай, өзінің білімі мен тәжірибесін барынша пайдаланып, жұмысымен алаңсыз айналысуы керек. Алайда, бізде бәрі керісінше. Мамандар алдына көмек сұрап келген адамның жағдайын жасаумен емес, бірінші компьютерге үңіліп саладағы сансыз нормативтер бойынша құжат толтыруға мәжбүр. Оны Мәжілістің 20 сәуірде өткен жалпы отырысында Премьер-Министрге медициналық сақтандыруға қатысты жолдаған сауалында депутат Асхат Аймағамбетов те қозғады. «Қазір азаматтар ауруханаға барып тексерістен тегін өтемін десе, онда бір немесе үш ай күтуі керек. Ал егер адамдар сол тексерістен ақылы түрде өтемін десе, онда дәл сол уақытта 3 минутта өтуіне болады» деді. Оның себебі бізде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайтындарды министрліктің түрлі нормативтері мен бұйрықтарымен шырмап тастаған. Онсыз ештеңе істей алмаймыз. Салада мамандар жетіспеушілігі тақырыбын, тиесілі қаржыландырудың жоқтығын бәрі қозғайды. Кезек содан жиналып қалады. Ал ақылы бөлімде медициналық қызмет көрсетуге қатысты бұйрық та, норматив де бөлек. Сондықтан міндетті тегін медициналық қызмет көрсететін мекеме қызметкерлерінің атына айтылатын сын көп. Оның қайсысы негізді, қайсысы негізсіз екенін осы саладағы мамандардан басқа ешкім білмейді.

«Кәсіподақтар жоғарыдан емес, елдің қалауымен құрылуы керек»

– Бұл жерде кәсіподақ ұйымдарының рөлі жоғары болу керек қой?

– Азаматтық қоғамда ресурсы бар, ұйымдасқан және басқаларға да ықпалы бар бірден-бір қоғамдық ұйым – кәсіподақ. Бірақ халық дұрыс кәсіподақтың айналасына жиналған кезде ғана ол сыйлы, абыройлы, мәртебелі. Бұл үшін кәсіподақты жоғарыдан емес, елдің өзі ұйымдасып, құру керек. Сол кезде оның жұмысы нәтижелі болады. Біздің есебіміз бойынша саладағы қызметкерлердің жалпы саны 400 мыңнан асады, оның ішінде орта буындағы медицина қызметкерлері саны – 188 мыңнан көп, ал дәрігерлер саны – 78 мыңнан асады. Арасында жекеменшік ұйымдардың қызметкерлері де бар. Сондықтан олардың бәрі бірдей кәсіподақтардың мүшесі деуге болмайды. Өкінішке қарай, кәсіподақ ұйымдарының саланы дамытудағы рөлі әлі тиісті деңгейде емес. Өйткені, ұйымға мүше болу заң жүзінде ерікті болғанымен, шынайы өмірде жағдай мүлде басқаша. Оған саяси жүйенің де әсері бар. Билік органдары түрлі жолдармен кәсіподақ ұйымының күшеюінен қауіптеніп, оның қоғамдағы ықпалын төмендету үшін қолдан түрлі кедергілер жасауын тоқтатпай келе жатыр. Сондықтан биыл құрылғанына 100 жыл толатын Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы 2018 жылы «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінен бөлініп шығуға мәжбүр болды. Менің білуімше, федерацияға қарасты 200-ден астам объектілерден, соның ішінде санаторий сияқты демалыс обьектілерінің 8-і ғана қалған. Бұл жағдайға қарсы шыққандықтан олар бізді жоюға тырысып бақты. Қазіргі уақытта федерация құрамында 8 жыл бұрын құрылған «QazMed» Медицина және онымен аралас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы және 5 жыл бұрын құрылған «Senim» деп аталатын денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы кіреді. Сондай-ақ, билік органдарындағы әкімшілік ресурстарды пайдаланып жұмыс беруші ұйымдарға қысым жасап, телефон қоңырауы және тағы басқаларды қолданып мүшелеріміздің бір түнде өзге кәсіподақтарға ауысуына түрткі болғанын әлі ұмытқан жоқпыз. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі өзінің қай кәсіподаққа мүше екенін, ай сайын жалақысының 1 пайызы қайда аударылатынын, оның қалай жұмсалып жатқанын әлі білмейді. Әміршіл-әкімшіл биліктен жасқанып, тіпті өзінің заңды құқығын талап етуден де қорқады. Сондықтан кейбір әріптестері қызмет барысында жіберген қандай да бір қателіктің салдарынан негізді-негізсіз айыпталып, сотталып, тіпті біреулері 18 жылға дейін жаза арқалап кетіп жатқан кезде де бұл дұрыс емес деп айта алмайтын жағдайға жетті. Олар Конституция мен Еңбек кодексін және «Кәсіптік одақтар туралы» заңды ғана емес, өзі ай сайын жарна төлеп тұратын кәсіподақ ұйымының жарғыда көрсетілген міндеттеріне сай тегін құқықтық кеңесті де пайдалана алмайтын жағдайда жүр. Оған шындап келгенде билік қана емес, қоғамның бір мүшесі ретінде құқығын білмейтін әрбір азаматтың өзі кінәлі.

«Біздің еңбегіміз адал, ниетіміз таза»

– Сіздердің кәсіподақтың қазіргі таңда қанша мүшесі бар?

– Біздің 65 мың мүшеміз бар. Бұдан басқа Алматыдан 20 мың мүшесімен бізге тағы бір кәсіподақ қосылған. Сонымен санымыз 85 мың болады. Ал 2018 жылы 311 мың болғанбыз. Сондықтан саланың мәселесіне жаны ауыратын, оны шешуге ынталы адамдар үшін және өзімізді өзгелерден ерекшелендіру үшін 2 жыл бұрын «Aqniet» деген атауды иелендік. Оған дейін қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы деп аталып келгенбіз. 1923 жылы құрылған бұл ұйымның биыл қазан айында 100 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтуге әзірлік жасалынып жатыр. Оған әріптестік қарым-қатынаста жұмыс жасап жүрген әлемдік, құрлықтық және түрлі халықаралық ұйымдардан делегациялар қатысады деп жоспарланып отыр. Осы арада мына бір жәйтке арнайы тоқтала кеткім келіп отыр. Біздің кәсіподақ мүшелерінің саны 65 мың, бірақ 2022 жылы біздің жарнадан жинаған ақшамыз 1 млрд 540 млн теңге болды. Ресми сайттарын қарасаңыз басқа кәсіподақтар мүшесі бізден 3,5-4 есе көп, бірақ жарнадан жинаған қаражаты 2 есе аз. Сондықтан оның себебі неде деген сұрақ туындайды. Себебі біз мемлекет алдында қорықпай, ашық түрде айтамыз. Біздің еңбегіміз адал, ашық, ниетіміз ақ, таза. Әрине мүшелеріміз көп болса, жүйеде оң өзгерістерді жасауға мүмкіндік қазіргіден көбірек болар еді. Қазір енді жаңа өзгерістер болып жатыр ғой. Кейбіреулер онша сеніңкіремейді, бірақ өзгерістердің болуы өзімізге байланысты. Сондықтан әріптестерімізге бізбен бірге болыңыздар, қосылыңыздар дейміз. Өзгерісті күтпей әрекет жасау керек. Дәрігерлердің құқығы қорғалған, жағдайы жасалған болса науқастарға көрсетілетін көмектің де сапасы жақсы болады. Қолжетімділігі де артады. Қоғамның өзі дәрігерлердің мәртебесін көтеруге септігін тигізуі керек.

«317-бапты ізгілендіру керек»

– Қазір Мәжілістің қарауына 11 сәуірде түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында Қылмыстық кодекстің 317-бабын ізгілендіру мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл туралы не айтасыз?

– Сол заңның айналасында көп өзгерістер болады деген үміттеміз. Біздің ең негізгі үміт артып отырғанымыз медицина қызметкерлерін қылмыстық қудалауды ізгілендіріп, шартты жазаға ауыстыру мәселесі. 2014 жылғы Қылмыстық кодекс қабылданғанға дейін ол осындай ушыққан күйде болған емес. Оған дейін де әртүрлі жағдайлар болып тұрды. Бірақ дәрігерлерді түрмеге отырғызу деген бұрын естімеген нәрсе еді. Өзіңіз білесіз, Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген. Осы ретте медицина саласының беделін арттыруға қатысты депутаттар мен мамандардың нақты ұсыныстары ескерілмеген. Медицина қызметкерлері заң арқылы қорғалуға тиіс. Парламент осы мәселені ерекше назарға алғаны жөн» деген еді. Алайда Қылмыстық кодекстің 317-бабындағы қылмыстық қудалауды әкімшілік жауапкершілікке ауыстыру туралы Президент тапсырмасына біздің құқық қорғау органдары әлі күнге дейін қарсы болып отыр. Олардың келтіріп отырған уәждерін негізді деу қиын. «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» деген 317-бап бойынша кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы, тиiсiнше орындамауын кім, қалай анықтайтынына күмәніміз бар. Мекемеаралық комиссия құрамында көп жағдайда тәжірибелі, білімі жоғары мамандарды емес, арнайы орталықтарда 2-3 айлық курстарда дайындалған жас мамандарды кіргізеді. Оларды сауатсыз деп айта алмаймыз, бірақ олардың қызметіне біздің ғана емес, медицина қызметкерлерінің де көңілі толмай отыр. Шағым түскен соң бұл сарапшылардан тиесілі көмек толыққанды болған жоқ деген қорытынды берілсе болды құқық қорғау органдарына жіберіледі. Сол шешім бойынша тергеушілер дәрігерлерді өздеріне шақырып, тексеру жүргізеді. Дәрігер бұл уақытта жұмысында моральдық, психологиялық жақтан қиыншылықтар көре бастайды. Жұмыс жайына қалады. Кәсіподақ ретінде біздің көзқарас бұл жерде 317-бапты ізгілендіріп, оған шартты жазалар тағайындалу керек. Өйткені, ешкім біреудің денсаулығына қасақана зиян келтірем деп операция жасамайды. Қателескен жағдайда да бұл медқызметкердің қателігінен емес, оның қызметін тиісті деңгейде жүргізуіне мүмкіндік бермеген материалдық және психологиялық жағдайлардан туындауы мүмкін. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртер болсақ ешбір елде мұндай қылмыстық қудалау жоқ. Әртүрлі жағдайлар бар болуы мүмкін. Алайда шағым түсіп, ол дәрігердің кінәсі деп анықталса болды оны сотқа тартуға мүмкіндік пайда болады. Асқыну, науқасқа байланысты кері әсерлерден залал кеп жатса, онда сақтандыру бойынша өтемақысы төленіп, дәрігерге қатысты басқаша шешімдер қабылдану керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда ковид індетінен дәрігерлердің 10-15 пайызында постковидтік синдром бар. 20 пайызы медицинадан мүлде басқа салаға кетуді ойлап жүрсе, 40 пайызы эмоцианалдық өзгерісті бастан өткізуде. Ал өзінің мамандарын қорғай алмаған елдің қиын жағдайда өзге елдердің дәрігерлерін асырауға мәжбүр болатынын ковид індеті көрсетіп берді.

– Ол қандай шешім?

– Кәсіптік қауымдастықтар бар. Сол жерден толық зерттеп, анықтап, дәрігердің қатесі қай жерден болды деп оны қайталамас үшін әрекеттер жасау керек. Қайта оқыту керек, не уақытша қызметтен шеттету деген сияқты. Жалпы, науқаспен жұмыс істеудің белгілі бір сатылары болу керек. Диплом алған соң жас маманды бірден операцияға кіргізбей, оны үйрететін тәлімгер болуы тиіс. Бұл маман өз бетімен ота жасай алады деген дәрежеге келген кезде тәлімгердің ұсынысымен жіберуге болады.

– Сіздердің өзге кәсіподақтардан қандай айырмашылықтарыңыз бар?

– Біз өз тарапымыздан сала мамандарына жағдай жасау, олардың жалақысын өсіру бағытында қолданыстағы заңнамаға өзгеріс жасауға атсалысып жатырмыз. Президенттің жалақыны өсіру туралы тапсырмасы бойынша министрлік 2022 жылы біліктілік категорияларға байланысты заңға өзгеріс енгізуі керек еді. Бұл біршама уақытты қажет ететін болғандықтан, салалық кәсіподақ Денсаулық сақтау министрлігімен арадағы келісім арқылы коэффициенттерді өзгертуге ұйтқы болып, олар өз тарапынан Қаржы министрлігінен тиісті ақшаның кедергісіз бөлінуіне септігін тигізді. Кәсіподақ оны көтеріп салалық келісімге енгізбегенде дәрігерлер өз жалақысының 73 мың теңгесінен айырылатын еді. Соның нәтижесінде аурухана, емханалар әлі де біліктілік категориясы үшін жалғастырып төлеп жатыр. Үкімет оны төлемейміз дегенде бұл институтты қайтадан қалпына келтіру керек деп біз араластық. Медицина қызметкерлері көп жағдайда оны нақты қай кәсіподақ жасап жатқанынан хабарсыз. Сол сияқты 2009 жылдан бері шаруашылық жүргізу құқығындағы ұйымдар бюджеттік мекемеге жатпайды. Ондағы азаматтық қызметкер демалысқа 30 емес, 24 күнге ғана жіберіледі. Ал біз министрлікпен салалық келісім арқылы бұрынғы норманы әлі сақтап келе жатырмыз. Яғни, біздің мүшелеріміз өзгелер секілді 24 емес, 30 күн толық демала алады. Егер ақшамен есептейтін болса бұл санитаркалар үшін 16 мың, дәрігерлер үшін 43 мың теңгені құрайды. Біз көп балалы, тұрмысы нашар, отбасында науқас адамы бар деген сияқты белгілі бір категориялардағы өз мүшелерімізді санаториге тегін жібереміз. Оларды дәрігер, медсестра, санитарка деп бөлмейміз. Өзгелер өтініш жасаса демалыс ақысының 50 пайызын ғана төлейді, қалған жартысын кәсіподақ өзі жабады. Бірнеше жыл бұрын салынған 90 орындық «Денсаулық» деп аталатын бұл демалыс орны жыл бойы жұмыс істейді және айына 300 адам қабылдай алады. Соның нәтижесінде біздің мүшелеріміздің 10 пайызы жыл сайын тегін немесе жеңілдікпен санаториде демалуға мүмкіндік алды. Мұндай жағдай басқа бірде-бір кәсіподақта жоқ. Тағы бір артықшылығымыз «МедАдвокат» жобасы, біздің мүшелеріміз жұмыстан шығару, негізсіз жазалау, агрессивті пациенттерден қысым көріп, түрлі әкімшілік, қылмыстық істер қозғалып жатса және тағы басқа да құқықтық мәселелерге қатысты сұрақ туындап жатса телефон арқылы хабарласып, көмек сұрай алады. Біз олардың барлық өтінішін мұқият тыңдап, іс қозғалып жатса кәсіби адвокатты да тегін ұсынамыз. Сондай-ақ, кәсіподақ белсенділерін ғана емес бухгалтер, экономист, кадр бөлімі мамандарының да үздіксіз біліктілігін арттыруға көңіл бөлеміз. Онда құқықтық білімдерін көтеру бойынша, көшбасшылық, медиаторлық дағдылар, конфликтология, эмоционалдық интелект сияқты 50 шақты тақырып бойынша қазақ және орыс тілдерінде қосымша білім береміз.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

ЖАНАЛЫҚТАР

САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ

Түрген шатқалында таулы өзен жағасында біздің «Денсаулық» сауықтыру оңалту орталығымыз ыңғайлы орналасты. Мұнда таулар арасындағы өзен жағасында сіз ұмытылмас демалыс өткізіп, таза ауамен тыныс аласыз, тыныштықтан және құстардың әнінен ләззат алып, әсем табиғатты тамашалай аласыз.
www.spaturgen.kz

[democracy id=”1″]

[democracy id=”4″]

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

icon
1200px-Emblem_of_Nur-Sultan-1.svg_
123 копия
345 копия
543
Public Service International
EPSU