2020 жылдың 22 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласында “Елорданың денсаулық сақтау азаматтық бюджеті: индикаторлар мен ұсынымдарды әзірлеу” жобасы шеңберінде сараптама қоғамдастығының, коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен басқа да мүдделі ұйымдардың бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен айқындығын арттырудың өзекті мәселелері бойынша ұстанымын жақындастыруға бағытталған сараптамалық сұхбат алаңының отырысы өтті.
Сараптамалық сұхбат алаңының отырысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ), мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардың, сондай-ақ олардың бірлестіктерінің, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының өкілдері қатысты. Жоба жетекшісі “Integrity Astana” ЖМ директоры, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрғалиев Жанат Серікұлы болды.
Сараптамалық сұхбат алаңында барлық мүдделі тараптардың медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және ұлт денсаулығын жақсартуға бағытталған елорданың денсаулық сақтау бюджетін пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі пәрменді құралдардың бірі ретінде мемлекеттік органдардың ашықтығын, айқындылығын және есептілігін арттыру жөніндегі бірлескен шаралар туралы сөйлеген сөздері тыңдалды.
Жоба ұйымдастырушысы: “…ел азаматтарының бюджет қаражатын бөлу туралы сенімді ақпарат алуға құқығы бар”, “біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін “еститін мемлекеттің” тұжырымдамасын іске асыру. Мемлекет пен қоғамның тұрақты диалогы арқылы ғана үйлесімді мемлекет құруға болады”, – деген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерін еске салды.
Дөңгелек үстел соңында іс-шараға қатысушылар қарар қабылдап, елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныстар ұсынды.
Сараптамалық сұхбат алаңының отырысына Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Б. Тәжібай және Кәсіподақтың Астаналық филиалының төрайымы Қ. Оралова қатысты.
Медицина қызметкері үшін қазіргі заманғы жабдықтармен толық жабдықталған және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, дәрі-дәрмектермен, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген, физикалық, экономикалық және заңды қауіпсіз жұмыс орнын құру, яғни лайықты еңбек жағдайларын жасау дегеніміз ең алдымен ПАЦИЕНТКЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ екенін Бақытжан Тәжібай өз сөзінде атап өтті. Медицина қызметкерінің әлеуметтік әл-ауқаты мен біліктілігін үнемі арттыру сапалы медициналық көмек көрсетудің маңызды кепілі болып табылады.
Денсаулық сақтауды бюджеттік жоспарлау және оны мониторингтеу үшін Кәсіподақ инфрақұрылым мен кадрларды дамытудың мынадай индикаторларын ұсынды:
– заңнамаға сәйкес міндетті мақсаттарға қаражат бөлу. Мысалы, мамандарды оқыту, даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, біліктілік санаттарын алу, міндетті медициналық тексеруден өту, парентеральды гепатиттерге қарсы профилактикалық вакцинациялау, еңбекті қорғау жөніндегі іс-шаралар және т.б. қаражаттың бөлінуі;
– салалық келісім мен ұжымдық шарт бойынша жұмыс берушіден қосымша қаражат бөлу. Мысалы, біржолғы сыйақыны, ынталандырудың өзге де нысандарын төлей отырып, ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды белгілеумен қосымша көтермелеу шаралары, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін өтемақы төлемдерін белгілеу, тұрғын үй сатып алуға, толық немесе ішінара ақы төлеу, коммуналдық қызметтерді өтеу және медицина қызметкерін әлеуметтік қолдаудың басқа да шараларын жасау (сауықтыру, салауатты өмір салтын қолдау, материалдық көмек көрсету және т. б.);
– жалақыны жыл сайынғы индекстеу және өсіру;
– корпоративтік басқаруды, қазіргі заманғы менеджментті енгізумен байланысты кәсіпорын қызметінің тиімділігі мен еңбек өнімділігін арттыру;
– елорданың денсаулық сақтау субъектілерін қолдау үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлу және оны мақсатты жұмсау.
Қазіргі либералдық демократиялық әлем азаматтық қоғамның рөлін ұдайы арттыруға және шешім қабылдауда оны басты орынға қоюға ұмтылады. Естеріңізге сала кетейік, кәсіподақ ең бұқаралық қоғамдық бірлестік және азаматтық қоғамның әлеуметтік институты болып табылады.
БІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУІМІЗДІҢ НЕГІЗІ ИГІ ІСТЕРІМІЗДЕ!