Abai.kz ақпараттық порталы
Былайша мағынасы түсінікті көрінгенімен елімізде реформа ұғымын түрліше қабылдайтын шенеуніктер көп. Кейбіреулері аталмыш сөздің мағынасын дәл қалпында қабылдап қарапайым халық үшін біраз тірлік бітіріп, алғыс арқалап жатады. Бірақ ондайлар енді тым аз. Есесіне, реформа деген дүниені сапырлыстыру, білгенін қылу, талқандау деп түсінетіндер тым көп. Ондайлар ештеңеге қарап жатпайды. Күш қолданады, әкімшілік ресурстарын қосады, қысқасы қолдан келгеннің барын жасайды.

Ұнамағандарын орнынан алады. Жұмсауға жеңіл, бас шұлғуға дайын тұратындарын басшылыққа көтереді. Осылайша аз уақыттың ішінде тек өзіне ғана жайлы «жұмақ» орнатып алады. Сөйтіп тып-тыныш қана қарсы келгенін қақшып тастап жата береді. Бұл әрине, ұжымның берекесін кетіреді, сапасын түсіреді, қала берді бүтіндей бір қоғамды артқа сүйейді.

Жақында, нақты айтар болсақ, өткен аптаның аяғында “Кәсіподақтар федерациясының басшылығына Бақытжан Әбдірайымов келгелі ісімізден береке кетті, жаппай қуғын басталды” деп бір топ кәсіподақ мүшелерері БАҚ өкілдерінің басын қосып баспасөз мәслихатын өткізді. Бір емес бірнеше кәсіподақ басшысы, орынбасарлары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларын қосқанда ұзын-cаны 12 бірдей спикер қатысқан жиында біраз дүние айтылды. Баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуларынша, еліміздің Кәсіподақтар федерациясының басшылығына жаңа адамдардың келуі және олардың жасап жатқан тірліктері ақылға қонымсыз, заңға томпақ болып отырған сыңайлы. Білікті мамандар қудаланып, ұзақ жылдар бойы іркіліссіз жұмыс жасап келген мекеменің жұмысы үлкен дағдарысқа тап болған.

«Міне сегіз айдан астам уақыттан бері небір сұмдық жайттарды бастан өткеріп жатырмыз. Өткен жылдың қараша айында басшылыққа Бақытжан Әбдірайымов келді. Басында әрине, қуандық. Жүріп өткен ізі жақсы, атқарған қызметтері де көңілге қонымды көрінді. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Қысқасын айтқанда, Әбдірайымовтың реформасы амалын тауып өз адамдары мен ескі таныстарын орналастырып қалуға негізделген дүние болып шықты. Келе сала Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясын бұрынғы кеңес елдері құрамындағы яғни ТМД елдері кәсіподақтары мүшелігінен шығарып алды. Бәріміз әрине, қарсы болдық, бірақ ешкімге қараған жоқ. Бұған дейін егеменді еліміздің демократиялық көрінісі осы кәсіподақтар болып келген еді. Бұл жерде қарапайым жұмысшылардың құқы қорғалатын. Лайық деп танылған басшылар әділ сайлау жолымен алға жылжитын. Ал қазір заңды белден басып, өз қалауларынша тағайындай беретін әкімшіл органға айналып шыға келді. Әбдірайымовтың бұлтірлігін Кәсіпоқтар құрамындағы миллиондаған адам қолдап отырған жоқ. Бірақ әкімшілік ресурстар арқылы білгенін қылып жатыр. Осының салдарынан өмір бойы Кәсіподақтар құрамында болып келген кәсіподағымыз жеке кетуге мәжбүр болды. Мұндай бұрыс саясатқа тоқтау болмаса үлкен мәселе болғалы отыр», дейді Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Мереке Бутина.

Төрайымның сөзіне сенсек, Әбдірайымов мырза бастық болып келгенімен үш ай бойы ешкіммен таныспаған. Жиын да өткізбепті. Ақыры болмаған соң Орталық кеңес отырысына Бутинаның өзі барып жылдағы әдеті бойынша жылдық есебін тапсырып қайтыпты. «Кеңесте Марат Тоғжанов пен Сайыров қана болды. Төрағаның өзі болған жоқ. Осы үш ай ішінде осы екуінің қатысуымен төрт мәрте атқару комитетінің отырысы өтті. Оның өзінде комитет отырысы тек қана басшылардың орнын ауыстырумен шектелді.

Бесінші шақырылымда Жол картасын әкеліп таныстырды. Келді де, әй-шәй жоқ төбеден ұрғандай қылып Жол картасын «қолдаңдар» деді. Жол картасын талқылау үшін барлық кәсіподақтардан жұмыс тобы құрылу керек қой. Арнайы жоспар болу керек әрі оны қарауға уақыт керек. Күн бейсенбі болатын. Дүйсенбіге дейін уақыт алдық. Сосын жиналып қарап өзара шешім шығардық.

«Бұл үлкен стратегиялық құжат. Оны атқару комиссиясы шеңберінде қарау жеткіліксіз. Жоғарғы кеңес шақыртылсын» деп ұсыныс хат жазып жібердік. Бұл 18 қаңтар еді. Алайда содан бері еш жауап жоқ. Керісініше, қудалау басталды. Қол қойғандармен жеке сөйлесулер басталды. Соған қарамастан Жоғарғы кеңес шақыртып, төрағаның өзі қатыспаса, келмесе, құжаттарды қайдан алды, кімдермен келісілді, алдымен осы мәселені анықтау керек, Сосын өңірлерге таратылып ұсыныстарын білу керек» деп ұсыныс хат дайындап жібердік. Онымен тынбай ұсыныс хаттың мәтінін әлеуметтік желілерге жариялап жібердік. Бір қызығы, осыдан кейін мені бірден Әбдрайымов кабинетіне шақырды. Алғаш рет! Барған жерден әлеуметтік желіден өшіріңдер деген тапсырма берді. Мен өшіре алмайтынымды, кеңестің шешімі екенін, ол үшін кеңес мүшелерінің жазбаша келісімі болуы тиіс екенін айттым. Сосын басталды. Белгісіз бір блогерлер атынан менің үш млн, тағы бір жерде сегіз млн. жалақы алатыным туралы сыбыстар тарата бастады. Тағы біреуі «Бутина құны үш жылжымайтын мүліктің құнымен пара–пар көлік мініп жүр екен» деп нөмірсіз көліктің артынан түсіріп фото жариялады. Айтуларынша көлікте мен отырыппын. Сонымен қатар, «Денсаулық шипажайын жеке меншігіне өткізіп алыпты» секілді неше түрлі сыбыстар тарап жатты. Бірақ мен ашқайсысына назар аудармадым» дейді Бутина ханым.

Яғни жаңа басшы келген бойда ешкіммен ақылдаспастан кәсіподақтар басында өңшең зейнет жасына жеткен қарттар отыр, солардың барлығын құрту керек деген желеумен мылтықсыз майдан бастап бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандарды қудалауға салады. Алақанын ысқылап келген Әбдірайымов мырза алдымен орталық аппараттан бастайды. Одан кейін аумақтық кәсіподақ ұйымдарының басшылығына ауыз салады. Артынша, жергілікті атқарушы билікті араластыру арқылы салалық кәсіподақтар басшыларына тиісе бастады. Осылайша аз уақыттың ішінде бұрынғы басшыларды түгел ауыстырып шығады. Тіптен бас-аяғы бірнеше айдың ішінде кейбір басшылар екі рет орын-тақ ауыстырып үлгергенін де аңғармай қалады.

Бір қызығы, зейнет жасына жетті деп доғарысқа жіберілген мамандардың орындарына ел күткендегідей кәсіподақтың отымен кіріп күлімен шығатын сыралғы жастар емес, керісінше Әбдірайымовтыңескі достары, кезінде мемлекеттік қызметтің майлы жілігін бірге мүжіскен әріптестері немесе жасы келіп зейнетке ығыстырылған ақсақалдар келіп жайғасып алады. «Ал сол мамандардың орындарына келген адамдарының барлығы қандай адамдар дейсіз ғой, кәсіподақ жұмысынан еш хабары жоқ өңшең бұрынғы шенеуніктер болып шықты.

Алды сотты болып, мемлекетік қызметтен шеттетілген адамдар.  Спикерлердің айтуынша, яғни Кәсіподақтар жұмысынан еш хабары жоқ мамандар келіп жатыр. «Кезінде Алматы халықаралық әуежайы мен «Ай Си Групп» компаниясы басшыларына қатысты қылмыстық істің басты фигурантарының болған адамдардың бірі бүгінде кәсіпоққа қарасты мекемелердің бірінде бас есепші болып отыр. Сыбайластарымен бірлесе отырып 1 млрд. теңгеден астам ел қаржысын қолды қылып, сотты болып келген адамға өзге емес дәл кәсіподақтар төрінен қызмет беру еш ақылға сыйымсыз дүние» дейді қаысушылардың бірі өз кезегінде. Сол секілді Жаңақорған шипажайының директорлар кеңесінің төрағасы болып отырған басшы да кезінде сол жемқорлық бабымен ұсталып істі болып келгенін естіп білдік. Шынтуайтына келгенде бұл адам өмір бойы мемлекеттік қызмет істеу құқынан айырылған адам екен.

Ең сорақысы, ресторанға шақырып алып өз әріптесінің сөмкесін тонаймын деп күллі ел алдында масқара болған Қобыланды Мусин деген қазақ та осы Бақытжан Әбдірайымовтыңкомандасында яғни Кәсіподақтар федарациясының Мүлік басқармасының басқарма басшысы болған қызмет етіп келіпті. Шу басталып, Мусиннің басы бәлеге ұрынған тұста ың-шыңсыз қызметінен босатылған екен. «Бұл дегеніңіз, қазынаға ұрыны қарауыл етіп қою деген сөз» дейді баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар. Ал сол Мусин осыдан бірнеше күн бұрын Байқоңыр аудандық сотының шешімімен «ұрлық жасады» деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған мәжбүрлі түрде жұмысқа жегу жазасы тағайындалып, айыпталушы тарапқа 1,8 млн теңге көлемінде материалдық шығын өтеуге міндеттелді. Сол секілді, Әбдірайымовтыңкомандасында жүрген Мұхтар Тінекеев те депутат болып жүрген кезінде мәслихат депутаттарының бірінің жағасына жарамасам деп басы бәлеге қалғаны бар.

«Яғни бәрі де бұрынғы шенеуніктер. Әрі өткені таза емес адамдар болып отыр. Облыстарда да сол жағдай. Бұрынғы вице-мнистрлер, әкім-қаралар мен олардың орынбасарлары секлді адамдар келіп жайғасып жатыр. Әріптестеріміздің барлығы айтып жатыр ғой, көбі соты болғандар деп. Расында ол адамдардың көзқарасы бізбен мүлдем үйлеспейді. Басқаша ойлайды. Өмір бойы командамен жүрген адамдар. Бізде керісінше, бәрін сайлаумен шешеміз, қол көтеріп дауыс береміз. Ал бұлар ол дәстүрді мойындағысы келмейді. Ұнатпаған адамын орнынан алып басқасын тағайындай салатын болып алды. Олардың бұл әрекеттеріне қарсы болдық. Заңға сай тірлік емес екендіктерін айтудай айттық. Алайда мұның арты тікелей қудалауға алып келді. Төменнен хат ұйымдастырады, я болмаса жоғарыдан тікелей адамдар салып қысым көрсетіп көнбегендерін жұмыстан шығару оқиғалары көбейіп кетті. Бұл адамдар Кәсіподақтан еш хабары жоқ, қай жерге келгендерін түйсінбейтін адамдар. Шын мәнінде кәсіподақтар ұйымдарының тәуелсіз қазақ елінің демократиясының бірден бір көрсеткіші екенін ұғынып отырған жоқ. Есесіне тамыр-таныстары мен командаларын ғана жинаумен шектеліп отыр. Ал бағынғысы келмеген кәсіподақ ұйымдарын «Сенім» атты балама кәсіподақ ашу арқылы басқарғысы келеді. Жаңадан құрылған бұл кәсіподақтың төрағасы қылып Астанадағы бұрынғы жедел жәрдем бастығы болған Дүйсенов деген адамды қойды. Бұл адам да заңға қайшы тірлігі үшін қудаланған адам болатын. Осындай басшылар арқылы Бас дәрігерлерге жұмысшыларды «Сенімге» ауыстыр деп күн көрсетпейді. Ауыспаймыз дегендерін бір бірлеп қысымға алып жатыр» дейді Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Ақмола филиалының төрағасы Кенел Жанов.

Осының салдарынан көптеген білікті дәрігерлер жұмыстан кеткен. Кетуге бел байлап жүргендері де жетерлік көрінеді. «Мәселен, Ақмола облысына қарасты Егіндікөл ауданында тері ауруларын емдейтін Наталия Шумина жалғыз маман бар-тын. Сол дәрігер демалыстан шықса компьютерін алып қойған. Артынша, қолына дерматолог маманды гинеколог қылып ауыстыру туралы бас дәрігердің бұйрығын ұстатқан. Өмір бойы тері аурулары емдеген маман ешқашан гинеклолог бола алмайды. Яғни жұмыстан кетірудің қитұрқы жолын ұстанып отыр. Сандықтауда да осындай жағдай болды» дейді ол. Жиын барысында орталық және оңтүстік өңілерден келген кәсіподақ мүшелер де тура осындай жайтты бастарынан өткеріп жатқандарын жасырмады.

Айтпақшы, білім саласына қатысты кәсіподақтар айналасында да осындай жайттар болып жатқанын айта кету керек. Қостанай облысындағы 53 мың мүшесі бар кәсіподақтар небары үш күннің ішінде басқа кәсіподаққа «ауысып» кеткенін БАҚ өкілдері жарыса жазуда. Әдеттегідей су жаңа кәсіподақ басшылары бұлардың өз еріктерімен келгендерін айтып ант-су ішіп әлек болып жатыр. Алайда, ескі ұйымның басында отырғандар Тамыз кеңесіне үш күн қалғанда мұншама адамның бір мезгілде қорқынышты түс көргендей еншісін бөлек салып көшіп кетуі мүмкін емес деп отыр.

Кәсіподақтар жұмысына қатысты шу-шұрқан бүгін ғана болып отырған жоқ. Баяғыдан бар дүние. Бола да бермек. Алайда кейбір сарапшылар бұл жолғы шудың тым шектен шығып бара жатқанын айтып жатыр. Сондай-ақ қазіргі Кәсіподақтар федерациясы басшылығының әр түрлі жиындар өткізіп, мемлекеттік мекемелер мен халықаралық ұйымдармен меморандум өткізумен ғана шектеліп отыр. «Есесіне кәсіподақ ұйымдарының ең басты міндетіне жататын жұмысшылар құқы және олардың мүдделерін қорғау, жұмыспен қамту, сауықтыру секілді кезек күттірмейтін мәселелер сөз күйінде қалып отыр» дейді сарапшылар.

Ал өз кезегінде мұның арты ғасырға жуық уақыт тариxы Қазақстан Кәсіподақтар федарациясының Халықаралық кәсіподақтар конференциясының құрамынан шығып қалуы секілді ұятты жағдайға алып келіп отыр. Осы желтоқсан айының 2-сі және 3-і аралығында Копенгаген қаласында өткен конгреске еліміздің атынан баруы делегацияны қатыстырмады. Бұл әрине, еліміздің атына үлкен сын екені даусыз.

Нұрберген Шынайдар

Abai.kz

ЖАНАЛЫҚТАР

САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ

Түрген шатқалында таулы өзен жағасында біздің «Денсаулық» сауықтыру оңалту орталығымыз ыңғайлы орналасты. Мұнда таулар арасындағы өзен жағасында сіз ұмытылмас демалыс өткізіп, таза ауамен тыныс аласыз, тыныштықтан және құстардың әнінен ләззат алып, әсем табиғатты тамашалай аласыз.
www.spaturgen.kz

[democracy id=”1″]

[democracy id=”4″]

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

icon
1200px-Emblem_of_Nur-Sultan-1.svg_
123 копия
345 копия
543
Public Service International
EPSU