«AQNIET» Маңғыстау облыстық филиалы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Медицина қызметкерлері күніне орай Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы медициналық мекемелерде «AQNIET» салалық кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шаралар өтті.
Мерекелік шаралар көтеріңкі көңіл-күй мен жылы ықыласқа толы атмосферада өтті. Қызметкерлерге өз лебіздерін медициналық ұйымдардың басшылары, кәсіподақ өкілдері және арнайы шақырылған қонақтар жеткізді. Филиал төрайымы Жанна Сайым іс-шараларға арнайы қатысып, ақ халатты абзал жандарға кәсіби адалдығы, адам өміріне деген жанашырлық пен жоғары жауапкершілігі үшін шынайы алғысын білдірді.
Салтанатты жиында қызметіне адал, өз ісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер алғыс хаттармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Әсіресе сала ардагерлеріне, жас мамандарға және өңірлік денсаулық сақтау ісіне сүбелі үлес қосып жүрген мамандарға ерекше құрмет көрсетілді.
«AQNIET» кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.